ЕРЕКШЕ БІЛІМ АЛУ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІ БАР ТҰЛҒАЛАР ҮШІН АРНАЙЫ ОҚУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫН ЕНГІЗУ МЕН ӘЗІРЛЕУ ТУРАЛЫ

Қазақстанда қазіргі таңда мектепке дейінгі және мектепте арнайы (түзеу) білім алу жүйесі әзірленген және жүзеге асырылуда. Бірақ ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы кәсіптік білім алу жүйесі әлі қалыптаспаған.

Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалардың кәсіптік білім алуы мен қоғамдағы кейінгі интеграциясы олардың ойдағыдай әлеуметтенуінің, қоғам өмірінде толық қатысуын қамтамасыздандырудың, әлеуметтік және кәсіби қызметтің әр қилы түрлерінде өзін-өзі танытудың негізгі шарттарының бірі білі болып табылады. Осыған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында ерекше көңіл бөлуде: «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады. Мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрмыстық қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады».

Қазақстан Республикасының «Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» Заңына сәйкес арнаулы түзеу ұйымдары дамуында кемтар болып қалған және төменде көрсетілген бұзылыстары бар балалар үшін жасалады:

  • есту қабiлетi бұзылған (естiмейтiн, нашар еститiн, кейiннен саңырау болып қалған);
  • көру қабiлетi бұзылған (көзi көрмейтiн, нашар көретiн, кейiннен соқыр болып қалған);
  • жүрiп-тұру мүшелерiнiң функциялары бұзылған;
  • сөйлеу қабiлетi бұзылған;
  • ақыл-ойы кенжелеп қалған;
  • психикалық дамуы тежелген;
  • эмоциялық-еркi жағынан және мiнез-құлқы бұзылған;
  • күрделi бұзылыстары бар, оның iшiнде соқыр-саңырау болып қалған.

Арнайы білім беру ұйымдар қызметінің тәжірибесі бойынша дамуында кемтар болып қалған және төменде көрсетілген бұзылыстары бар балалар жалпы және арнайы топтардың көпшілігін құрап ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалар болып табылады:

  • есту қабiлетi бұзылған тұлғалар;
  • көру қабiлетi бұзылған тұлғалар;
  • жүрiп-тұру мүшелерiнiң функциялары бұзылған тұлғалар;
  • ақыл-ойы кенжелеп қалған тұлғалар;
  • психикалық дамуы тежелген тұлғалар.

12 жастан кейінгі балаларда психикалық дамуының тежелгені шекаралық интеллект жетіспеушілігі болып жіктеледі. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында психикалық дамуы тежелген тұлғалар ақыл-ойы кенжелеп қалған болып қарастырылады.

Ерекше білім алу қажеттіліктері бар тұлғаларға (ақыл-ойы кенжелеп қалған) арналған оқу бағдарламасы жалпы бағдарламадан қатты ерекшеленеді.

Ақыл-ойы сақталған ерекше білім алу қажеттіліктері бар тұлғалар (көру, есту қабiлетi, жүрiп-тұру мүшелерiнiң функциялары бұзылған) қарапайым дамитын құрдастардан қалмай, оқу материалын меңгеруге мүмкіндігі бар. Олар үшін оқытуға арнайы жағдайлар жасау қажет, сонымен қатар, тиісті кадрлық қамтамасыздандыру, кедергісіз аймақты қалыптастыру, үлгілік оқу жоспарлар мен бағдарламалар негізінде бейімделген жұмыс оқу жоспарлар мен бағдарламаларын әзірлеу.

ТжКБ Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттына сәйкес көрсетілген тұлғалар дәрежесін оқытуға арналған жұмыс оқу жоспарлары мен бағдарламалары үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламаларынан толық ерекшеленуі мүмкін.

Ерекше білім алу қажеттіліктері бар тұлғалар (ақыл-ойы кенжелеп қалған) арнайы оқу бағдарламаларын қажет етеді, олар жалпы орта білім (10-11 сыныптар) пәндерін меңгермей негізгі орта білім (9 сынып) негізінде жұмыс мамандығын игеруін ескереді.

Арнайы оқу бағдарламаларын әзірлеу қажеттілігі ҚР «Білім туралы» Заңының 14 бабында көрсетілген: «Адамдардың жекелеген санаттары үшін психологиялық-медициналық -педагогтік консультациялар ұсыныстары ескеріле отырып айқындалатын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің даму және әлеуетті мүмкіндіктерінің ерекшеліктері ескерілетін арнайы білім беретін оқу бағдарламалары әзірленеді».

2017 жылы мемлекеттік тапсырманы орындау барысында «Кәсіпқор» холдингі» КЕАҚ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында ерекше білім алу қажеттіліктері бар тұлғаларды оқытуға арналған нұсқаулықтар жасалды. Онда:

  • ерекше білім алу қажеттіліктері бар тұлғаларды оқытуға арналған оқу үдерісін ұйымдастыруға байланысты шарттар;
  • ерекше білім алу қажеттіліктері бар тұлғаларға (ақыл-ойы кенжелеп қалған) арналған арнайы оқу бағдарламаларын әзірлеу бойынша әдістемелік нұсқаулықтар;
  • үлгі ретінде «Тігінші» мамандығы бойынша арнайы оқу бағдарламасы дайындалды.

 

 

Қазіргі кезде республикада 9 колледж аталған дәрежедегі балаларды оқытуға ықылас білдірді. Колледждерден тапсырыстар жасалуда. Холдинг колледждерге өздерінің бағдарламаларын және басқа да мамандықтар бойынша енгізу мен әзірлеу кезінде әдістемелік көмек көрсетіп сүйемелдейді.

Арнайы оқу бағдарлама үлгілік оқу жоспары мен бағдарламасынан ерекшеленеді. Онда жеке жалпы білім беру пәндерін (математика, физика, шет тілі және т.б.) меңгеру ескерілмеген. Негізгі құзыреттіліктерін қалыптастыру кезінде ерекше білім алу қажеттіліктері бар тұлғалардың дамуындағы шектелген мүмкіндіктері ескеріліп, бейімделген пәндерді енгізу ескеріледі.

Бейімделген пәндер төменде көрсетілген:

  • әлеуметтік-тұрмыстық бейімделу;
  • әлеуметтік ортаға бейімделу;
  • компьютерлік сауаттылық;
  • әлеуметтік-кәсіптік бейімделу.

Бейімделген пәндер мазмұны аурудың дәрежесіне байланысты анықталады: жеңіл немесе орташа ақыл-ой кемтарлығы.

Жеңіл ақыл-ой кемтарлығы бар тұлғалар бір мамандықтың құзыреттіліктер толық топтамасын меңгеруге міндетті; орташа ақыл-ой кемтарлығы бар тұлғалар үшін мамандықтың белгілі бір деңгейін оқытудың қысқартылған мазмұны бойынша жеке модульдерін меңгеру ескеріледі. Ол үшін орташа ақыл-ой кемтарлығы (2 дәрежеге шығу) және жеңіл ақыл-ой кемтарлығы (3 дәрежеге шығу) бар тұлғалар үшін модульдерді меңгеру реттілігі анықталған. ТжКБ Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттына сәйкес, оқытудың нормативті мерзімі – жалпы орта білімді меңгерусіз негізгі орта білім негізінде 1 жыл 10 айды құрайды.

Жұмыс мамандықтарын меңгеру бойынша арнайы оқу бағдарламаларды әзірлеу уақтылы және өзекті болып келеді. Олардың енгізілуі ерекше білім алу қажеттіліктері бар тұлғалардың қоғамдағы әлеуметтену мен сауықтыру сұрақтарын шешуге мүмкіндік туғызады.

«Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жобасын жүзеге асырылуы өмірінде қиындықтарды өткеріп жүрген және мамандығы жоқ жастар қатарынан жұмыс кадрларын дайындауды болжамдайды. Ондай дәрежеге ерекше білім алу қажеттіліктері бар тұлғалар да жатады.